Бүгін аудан әкімідігінің кіші мәжіліс залында аудан басшысының сайлау алды қамтылған бағдарламаларының орындалу барысы пысықталды.
Созақ аудандық филиал жанындағы саяси кеңес, фракция мүшелерінің және тиісті мекеме, бөлім басшыларының қатысуымен өткен жиында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков әр сала бойынша атқарылу керек жұмыстарға жан-жақты талдау жүргізді.
Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстарға да жеке-дара тоқталып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда. Жолдарды жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін республикалық бюджеттен 575 млн 754 мың теңге қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін 380 млн 226 мың теңге қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Газдандыру жұмыстары бойынша 2019-2022 жылдар аралығында Жаңатас қаласы бұрылысынан Шолаққорған ауылына дейінгі 43,8 шақырым магистральды газ құбыры траншеяға 100% көмілген. АГТС қондырғыларының орындары дайындалып, қоршау жұмыстары жүргізілді. ВОЛЬС кабельдері жүргізілген. Найзағайдан қорғау прожектор діңгегі (ПМЖ) 5 дана және КТП-10/04кВ дизельдік электростанциясы орнатылды. 2023 жылға АГТС қондырғыларын орнату жұмыстарын жүргізу үшін 1 млрд. 202 мың 719 теңге қаржы бөлінді. 2023 жылдың наурыз айында 353 млн.тг аванс төленді. (АГТС қондырғылары дайындалуда) Қалған 411 млн. 221 мың теңге бөлінген жағдайда АГТС қондырғылары толығымен орнатылып, табиғи газға қосылатын болады. 2021-2022 жылдар аралығында 175 шақырымды құрайтын 100-ге жуық көшеде орналасқан 3500 абонентке газ құбыры жүргізілді.
Аудан көлеміндегі 35 елді мекеннің 29 елді мекеніндегі (2 кент, 27 ауылдық елді мекен) 62 910 адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.Орталықтандырылған ауыз су құбыры бар 29 елді мекеннің 23 елді мекеніне ауыз су 24 сағат берілсе, қалған 6 елді мекенге (Шолаққорған, Сызған, Созақ, Қарақұр, Қаратау, Қозмалдық) кестемен берілуде. «Шолаққорған ауылының Ақшам және Наурыз мөлтек аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы» жұмыс жобасы бойынша 2022 жылға 51,0 млн.тг, 2023 жылға 657 млн.тг қаржы бөлініп, су тарату нысандарының орындары қоршалып, 30 шақырымға жуық су құбыры траншеяларға тасталған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нысан пайдалануға берілген жағдайда Шолаққорған ауылы тұрғындары тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Жоба құны – 1 млрд 547 млн 373 мың теңге.
Созақ, Шақырық елді мекендерін тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжат (ЖСҚ) әзірлеуге аудандық бюджеттен 2023 жылға 17 млн 141 мың.тг қаржы бөлініп, үстіміздегі жылы сәуір айында мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша жобалаушы анықталып, келісім шарт түзілді. Осы жылы ЖСҚ әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, қаржы қарау үшін бюджетке ұсынылуда. Қаратау ауылы тұрғындарын тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ЖСҚ әзірлеуге қажетті 12 454,0 мың теңге қаржы бөлу жөнінде аудандық бюджеттік комиссияға сұраныс беріліп, қаржы қаралды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз және Сызған елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, аудандық бюджеттен 9 000,0 мың.теңге бөлінді.