Ордабасы аудандық орталық ауруханасының эпидемиолог дәрігері Әбу.Н.М және бас мейірбике М.Джасимбекованың бастамасымен орталық аурухана бөлімшелерінің орта буын және кіші қызметкерлер арасында Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар және дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыру жүргізу жөнінде семинар сабақ жүргізіп соңында сұрақ жауаппен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Емдеу-профилактикалық мекемелерін жоспарлау мен жабдықтау гигиенасы – халыққа қолайлы жағдайды қамтамасыз ету және қолайсыз жағдайлардың алдын алу талаптары мен гигиеналық негіздерін қамтитын коммуналдық гигиена бағытындағы жасалынатын шаралар.
Емдеу-профилактикалық мекемелерінің (ЕПМ) учаскелеріне қойылатын талаптар ЕПМ бекітілген бас жоспар мен елді мекеннің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес келетін аумақта орналасуы қажет. Осыған сәйкес жалпы соматикалық ауруханаларды елді мекеннің орталығында орналастырмаған жөн. Әйелдер босанатын үйлер, емханалар, жедел дәрігерлік көмек көрсету ауруханасы (ЖМЖКА) қызмет көрсетілетін тұрғын елге барынша жақын болуы есепке алынуы қажет. Маманданған ауруханаларды (психиатриялық, туберкулездік, онкологиялық) және ірі стационарлық ауруханаларды (1000-нан астам кереуеті бар) қала маңайындағы аймақта, шетте, мүмкіндігінше селитебті аумақтан 1000 м алыстатып, жасыл алқапта орналастырған дұрыс болып табылады.
Құрылысқа қажет учаскені таңдаған кезде үстем желдердің бағыты мен санитарлық жағдайды ескеру керек. Аурухана учаскесі ірі автомагистралдар, әуежай, темір жолдардан алыс орналасуы қажет. Бекітілген санитарлық нормаларды сақтау үшін шу деңгейін есептеу жүргізіледі. Селитебтік аймақта аурухана корпустары ЕПМ ғимараттарының қабат санына байланысты қызыл сызықтан 30 м және тұрғын үйлерден 30-60 м қашықтықта орын алуы қажет.Қазіргі кезде ауруханалардың мақсатына, қуаттылығына, елді мекенге және басқа ерекшеліктеріне байланысты 3 негізгі құрылыс жүйелері қолданылады: орталықтандырылған, орталықтандырылмаған және аралас.
Орталықтандырылған жүйеде аурухананың барлық емдеу, диагностикалық және көмекші бөлімдері бір ғимаратта немесе біріктірілген корпустарда шоғырланады. Мұндай жүйе бөлімдердің бір-бірімен қолайлы қатынасын, емдеу-диагностикалық бөлімдерін (операциялық, рентген кабинет, зертханалар, функционалдық диагностика бөлмесі т.б.) орталықтандыру, дайындалған тағамды палаталарға тез жеткізу мүмкіншілігін тудырады. Сонымен қатар инженерлік коммуникациялардың ұзындығын қысқартады.
Орталықтандырылмаған жүйеде әрбір жеке корпустарда әртүрлі сала бойынша аурухана бөлімдерін орналастыруға болады. Бұл жүйенің жағымды жағы бөлімдердің жақсы оқшаулауын, аурухана ішілік инфекцияның алдын алу шараларын және науқастардың таза ауада жүруіне жағдай жасауын қамтамасыз етеді. Бірақ мұндай жүйеде коммуникациялар ұзындығы ұлғая түседі.
Аралас жүйеде учаскеде емдеу, патологиялық-анатомиялық және шаруашылық корпусынан басқа, әйелдер босанатын, балалар және емханалық бөлімдері орналасады.
Стационарлардың жер учаскелерінің көлемі ҚР ҚНжЕ 3.01-01-2002 «Қала құрылысы. Қалалық және ауылдық мекендерді жоспарлау және құрылыстарын салу» ережелерімен белгіленеді және төсек санына байланысты болады: 50 төсекке дейін – 300 м2/төсекке, 100-ден 200 төсекке дейін 200-140 м2/төсекке, 1000 төсек – 60 м2/төсекке. Балалар стационарлары үшін 1,5 коэффициенті қолданылады.
Тұрғын үй құрылысы аумақтарындагы ауруханалар учаскелерінде периметрі бойынша 2 қатар болып отырғызылған ағаштар мен бұталардан тұратын ені 15 м-лік жасыл алқап болуы қажет. Бұл аумақ пен бөлмелер ішінде шу деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді. Бүкіл учаскені көгалдандырудың ауданы – 60 пайыздан кем болмауы керек.