«Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нарығына қатысты түсінік берді».
«Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің дерегі бойынша 2022 жылы фармацевтика саласының өндірісі 162,6 млрд. теңге болды. 2023 жылдың 11 айында өндіріс көлемі 131,0 млрд. теңгеге жетті. Сонымен қатар Қаржы министрлігінің деректеріне қарағанда, 2022 жылы экспорт көлемі 32,2 млн. АҚШ доллары, импорт 1,7 млрд. АҚШ доллары шамасында болды. Ал, 2023 жылдың 11 айында фармацевтика өнеркәсібінің экспорты 14,4 млн. АҚШ долларын, ал, импорт 1,6 млрд. АҚШ долларын құрады».
Фармацевтикалық нарық көлемі 2022 жылы 922 млрд. теңге (2 млрд АҚШ) болды.
«2023 жылы фармацевтика саласында 8 жаңа өндіріс орны ашылды. Биыл тағы 7 жаңа өндіріс орнын ашу жоспарланған» деп аталып өткен ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар министрлік Қазақстанда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу деңгейі жайында түсінік берді. Қазіргі кезде амбулаториялық деңгейде пациенттер 126 нозология бойынша тегін препараттармен қамтамасыз етіледі, яғни тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында 56 нозология және МӘМС жүйесінде 70 нозология ескерілген. Осы ретте нозологиялардың саны 2019 жылғы 50-ден 2022 жылы 126-ға дейін өсті. Бұл өз кезегінде 3,8 миллионнан астам пациентті немесе 2019 жылмен салыстырғанда 54 пайызға артық қамтуға мүмкіндік берді.Proxima Research Inretnational халықаралық аналитикалық компаниясының мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылы дәрі тұтыну көлемі 1,3% төмендеген: 626 млн-нан 618 млн-ға азайды. Төмендеу мемлекет медициналық мекемелерге дәрі-дәрмек сатып ала бастағандықтан болды. Бұл өз кезегінде ҚР орталықтандырылған денсаулық сақтау жүйесіне дәрі-дәрмек сатып алу бойынша бірыңғай операторға 52 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге көмектесті. Осылайша, 2022 жылы мемлекеттік шығындардың жалпы көлемі 336 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 13,4% аз. Бірақ бөлшек саудада үнемдеу байқалмады. Қаптамалар саны бойынша халық сатып алған дәрілік заттардың көлемі азайғанымен (бар болғаны 0,4%), құндық мәнде 2022 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 9,3% өсті. ҚР халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығы сарапшыларының пікірінше, нарықтың бөлшек сауда сегменті көлемінің ақшалай түрде ұлғаюы көбіне инфляцияға байланысты.