Жақында Ордабасы ауданындағы Шұбарсу ауылында «ROLLAN MED» жекеменшік медициналық мекемесі ашылды. Ордабасы ауданына арнайы іссапармен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды медициналық мекеменің ашылу салтанатына қатысып, дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл облысымызда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 медициналық нысан пайдалануға беріледі. Осылардың ішінде 1 дәрігерлік амбулатория және 2 фельдшерлік-акушерлік пункт Ордабасы ауданында салынады. 2023 жылы облысымызда 24 медициналық нысанның құрылысы жүргізілді. Оның ішінде Ордабасы ауданында 6 ФАП құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ордабасы аудандық орталық ауруханасына 3 дана «Жедел жәрдем» автокөлігі, 1 дана ангиографиялық жүйе, 1 дана видеогостроскопиялық жиынтық және 1 дана эксперттік ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) аппараты берілді. Сонымен бірге медицина саласына жеке инвесторлардың үлес қосуы да қуантады. Біз инвесторларға қолдау көрсетеміз. Биыл аталған жұмыстар одан әрі жалғасын табады. Сіздерді тағы да құттықтай отырып, «ROLLAN MED» жекеменшік медициналық орталығының жұмысына сәттілік тілеймін. Медициналық мекеменің дәрігерлері ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызметтер көрсетеді деп сенемін, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Құны 1 млрд. теңгені құрайтын медициналық орталық 1 күнде 200 адамды қабылдай алады. Мұнда 60 адам жұмыс істейді.
Сондай-ақ, осы күні Шұбарсу ауылында Әбілқайыр Оспанов атындағы «SEA BILIM» жалпы орта мектебінің ғимараты пайдалануға берілді. Осынау білім ордасының ашылу салтанатына ел ақсақалдары, ұстаздар мен шәкірттер және ата-аналар қатысты. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтап, оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тіледі.
Салтанатты жиында жаңа мектептің лентасы қиылып, іс-шараға қатысушылар оқу кабинеттерін, асханасын, спорт зал мен кітапханасын аралады. Құрылысы былтыр басталып, биыл аяқталған 1350 орынды мектеп заманауи пән кабинеттерімен жабдықталған.