Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарлары, денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшылары, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары, жеке медициналық орталықтардың басшылары қатысып, баяндамалар жасалды. Күн тәртібінде 6 мәселе тыңдалды. Отырысты облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев жүргізді.
Алқа отырысында туберкулез, қатерлі ісік ауруларымен күрес, алдын алу шаралары да сөз болды. Бұдан кейін жұмыс барысындағ аурухана дәрігерлерінің тыңдалды. Мәжілісте халыққа сапалы медициналық көмек көрсетудің жолдары қаралды.
– Халықтың медициналық қызметке жүгіну көрсеткіші өсіп отыр. Медицина қызметіне жүгінген халыққа сапалы көмек көрсету қажет. Бүгінгі таңда аталған сала бойынша келіп түсетін шағымдар саны артқан. Жекеменшік медициналық мекемелермен тығыз байланыс орнатылып, алгоритм жүйесін өзгертіп, қайта жаңарту керек. Жалпы облыста 2023 жылдың қорытындысымен 2 046 668 тұрғынның ішінде МӘМС жүйесіне сақтандырылғандар саны – 1 606 145, сақтандырылмағандар саны – 414 869. МӘМС жүйесін түсіндіру, тіркеу және осы жүйе арқылы сапалы медициналық көмек көрсету жұмыстарын жандандыру қажет, – деді Бейсен Тәжібаев.
Облыста 2023 жылдың қорытындысымен ішкі медициналық көрсеткіштерді жақсарту, медициналық қызмет сапасын көтеру, адами және материалдық ресурстар тиімді және қарапайым пайдалану бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдары тіркелген халыққа қажетті медициналық көмек көрсету және жыл басынан бастап қойылған жұмыстың нысаналы индикаторларына қол жеткізу бойынша тиісті жұмыс жүргізілді.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев медициналық қызмет сапасын жақсартуды, дәрігерлер біліктілігін арттыруды, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын күшейтуді, жаңа нысандар құрылысы мен күрделі жөндеуге қадағалау жүргізуді күшейтуді тапсырды.