Бұл туралы «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен Түркістан облысындағы қызылша ауруының алдын алу барысы туралы сала мамандары мен партия мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстелде айтылды. Басқосуды ҚХП Түркістан облыстық филиалының төрайымы З.Қамбарова жүргізіп отырды. Жиынға Түркістан облыстық эпидемиологиялық-санитариялық департаменті басшысының орынбасары З.Аликулов мен департаменттің бөлім басшысы М.Сыпабек, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маман-иммунолог дәрігер Е.Асқарова, БАҚ өкілдері, партия белсенділері қатысты.
Әлемде қызылша дертімен сырқаттанушылық бойынша еліміз алдыңғы орында. Осыған орай, ел Үкіметі, Денсаулық сақтау министрлігі аурушаңдықтың алдын алуға өте үлкен басымдық беріп, вакциналармен қамтамасыз ету шараларын күшейтті. Облысқа ҚЖИ (қосымша жаппай иммундау) вакцина қамтамасыз ету бойынша Үндістан елінде шығарылған 170 230 доза вакцина жеткізілді.
Жыл басынан бері облыста қызылшамен ауырудың 299 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 81,2 % (243 ж) 14 жасқа дейінгі балаларды құраса, ересектер арасында 56 адам ауырған. Қосымша жаппай иммундау аясында өңірде 172 104 бала вакцина алды. Ол вакцина алуға тиісті балалардың 91,1 % құрайды. Өңірде 2023 жылдың наурыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін қызылшаға күдікті 984 жағдай тіркеліп, 360-ның диагнозы зертханалық және клиникалық расталған. Оның ішінде 317 жағдай, яғни 88,0% 14 жасқа дейінгі балаларды құрап отыр. Инфекция жұқтырғандар саны күннен күнге өсе түсуде.
Бүгінде қызылшаға қарсы вакцинациялау шарасын санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлері мен денсаулық сақтау, жергілікті дін өкілдер, тағы да басқа құзыретті органдармен бірлесіп, бас тартушылар арасында түсіндіру жұмыстарының қарқындылығын артттыру қажет. Әйтпесе, қауіпті індет халықтың саулығына кері әсерін тигізуде. Осыған орай, қоғамдық ұйымдар да ел саулығы жолындағы күресте бірге іс-әрекет жасауы тиіс.