Жетісай ауданы әкімінің орынбасары М.Айнабековтың төрағалығымен аудандағы АИТВ-инфекциясының эпидемиологиялық жағдайының өсуіне байланысты, Түркістан облысы орталығының мамандарының қатысуымен үйлестіру кеңесі өтті. Елімізде жаппай ағзадағы иммун тапшылығы вирусымен күрес шаралары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Мамандар аудан, қалаларды аралап, көпшілікке жұқпалы дерттің алдын алу шараларын түсіндіруде. Індетке қарсы жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2023 жылдың 12 айында Түркістан облысы бойынша АИТВ инфекциясының 130 жағдайы анықталды, (ерлер-53%, әйелдер-46%) оның ішінде ҚР азаматтары -128, шет ел азаматтары -2.
АИТВ инфекциясының анықталуы жоғарылаған аудандар: Жетісай ауданы +8 жағдай, Мақтаарал ауданы +6 жағдай, Сайрам ауданы +5, Сауран ауданы +4, Арыс ауданы +4, Қазығұрт ауданы +3, Түлкібас ауданы +2, Бәдібек ауданы +1, Созақ ауданы +1, Төлеби ауданы +1 жағдай.
Жиында медицина саласының мамандары, АИТВ-инфекциясы мен жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған құқықтық сауаттылықты арттыратын мәселелерді қозғады. Сондай-ақ, тұрғындар арасында білімділік пен хабардарлық деңгейі маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Өкінішке орай, көптеген адамдар бұл аурудың қаншалықты қауіпті екенін және оның салдары қандай екенін түсінбейді. Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) – ЖИТС қоздырғышы иммундық жүйені әлсіретеді және ағза инфекциялар мен обыр жасушаларынан қорғануға қабілетсіз. Өкінішке қарай, соңғы кездері вирус жыныстық қатынас арқылы тарала бастады. Оған дәлел,осыдан 10-15 жыл бұрын бұл жұқпаның 50-60% инфекциялық есірткі тұтынушылар арасында анықталған болса, қазір жыныстық қатынас арқылы жұқтыру 100 пайызға жетті. Нәтижесінде ана мен бала өміріне қауіп төнуде.
«Бүгінгі таңда АИТВ-ға қарсы вакцина жоқ. АИТВ-инфекциясын басатын ем бар, бірақ ЖИТС-нан толықтай айығу мүмкін емес.АИТВ жұқпасы анықталған адам бірден өледі екен деген пікірден аулақ болу керек. Ол адамның біріншіден өмір сүру салтына, денсаулық жағдайына тікелей байланысты. АИТВ жұқтырған адам дәрігердің айтқанын орындап отырса, салауатты өмір салтын сақтап, құнарлы тағам қолданса, дене шынықтырумен айналысса, яғни өз иммунитетін көтеруге күш жұмсаса, 20 тіпті 30 жылға дейін өмір сүру мүмкіндігі бар дейді мамандар. Қазіргі АИТВ жұқтырғандарға жоғары активті вирусқа қарсы ем қолданылады. Ем арқылы науқастың организмінде вирустың одан әрі көбеюі тежеледі, аурудың өршуі тоқтайды. Соның нәтижесінде АИТВ жұқтырғандардың өмір сүру мүмкіндігі мен иммундық жүйе қызметі жақсарады. Бұл инфекцияның басқалардан айырмашылығы – вирусқа қарсы ем бастаған адам өмір бойы сол емді қабылдайды және оны үзуге болмайды. Ем нәтижелілігі дәрігерлер тарапынан қадағаланады»-деді мамандар.