Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов айтты.
«Бүгінде өңірде қызылша сырқаты бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып отыр. Сондай-ақ, тұмау және коронавирустық инфекция бойынша да қауіп сейіле қойған жоқ. 2024 жылдың қаңтар айында жедел респираторлы вирусты инфекциясынан 34 481 жағдай тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе көп. Ал 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1,7 есеге артқан. Бұдан бөлек, облыста 2023-2024 жылдардың эпидемиялық маусымында тұмауға қарсы «Гриппол+» екпесінің 248 691 данасы жеткізілді. Аталған екпе облыс тұрғындарының 12,2%-на егілген. Бұдан бөлек, өңірде жыл басынан бері COVID-19 инфекциясы бойынша 3 жағдай тіркелді»,- деді Бахтыораз Мизамұлы.
Спикердің айтуынша, облыста жыл басынан бері қызылшаға шалдыққан 378 науқас тіркелген. Оның ішінде 1 жасқа дейінгілер арасында 97 жағдай, ал 1-14 жас аралығында 207 жағдай тіркелген. Одан бөлек, 15-17 жас аралығында – 4 жағдай, 18 жас және одан жоғары ересектер арасында – 70 жағдай тіркелген. Осы орайда қызылшаға қарсы иммундау аясында облыс бойынша 93,4% адамға екпе салынған.
Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (бұдан әрі – ЖРВИ) – тұмау вирустарынан, түрлі респираторлық вирустардан-парагрипп, аденовирустар және респираторлық-синцитиальды вирустардан туындайтын, ауа-тамшылары арқылы берілетін және тыныс алу жолдарының шырышты қабығының зақымдалуымен қатар жүретін аурулардың жоғары контагиозды арулар тобы.
Инфекция ауа-тамшылары арқылы: жөтелгенде, түшкіргенде, қарым-қатынас барысында жұғады, сондай-ақ байланыс-тұрмыстық жолы арқылы: жалпы ыдыс-аяқтар, сүлгілер қолданған кезде, және де жуылмаған қолдар арқылы беріледі.Тұмаудың алдын алудың ең тиімді тәсілі оған қарсы екпе алу. – ЖРВИ-мен ауыратын науқастармен жанасудан аулақ болыңызю, ал егер байланыс сөзсіз болса, онда маска киіп, оксолин майын қолданыңыз;
– ауруға шалдыққан жағдайда үйде болу, өзін-өзі емдеумен айналыспау, медицина қызметкерін шақырып, отбасы ортасында немесе ұжымда болған кезде маска кию, дәрігердің тағайындауы бойынша ем алу қажет;
– түшкіру және жөтел кезінде аузыңызды қолыңызбен, майлықпен, орамалмен жауып, қолыңызды мүмкіндігінше жиі жуыңыз;
– иммундық жүйені арттыру: С витаминін және дәрігердің ұсынысы бойынша басқа дәрі-дәрімектерді қолдану;
– қашықтықты сақтау, көп адам жиналған іс-шараларға қатысуды азайту қажет, әсіресе ЖРВИ, тұмау ауруының көтерілуі кезеңінде, үй-жайларды ылғалды тазалау өткізіп, желдету керек;
– сырқаттанған балаларды ұйымдастырылған ұжымдарға, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне жібермеу.