Аудандық аурухана медицина қызметкерлері Қатарау ауылы, Созақ ауданының білім бөлімінің «Панфилов атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ-нің 8-сынып оқушылары және Көктөбе ауылы , Созақ ауданының білім бөлімінің «Суындық жалпы орта мектеп» КММ-нің 11-сынып оқушылары арасында АИТВ/ЖИТС алдын алу бағдарламаларын іске асыруға арналған семинар өткізді.
Семинардың мақсаты-оқушылардың АИТВ/ЖИТС мәселесі бойынша білім деңгейлерін арттыра отырып, оқушылардың бойында АИТВ жұқтыруға қарсы мінез-құлық дағдысын қалыптастыру, оларды салауатты өмір салтына бағыттау.
Семинардың соңынан білім деңгейлерін байқау мақсатында оқушылар арасында сурет байқауы ұйымдастырылып, оқушылар өз түсінгендерінше пікірлерімен бөлісті. Семинар сұрақ-жауап түрінде қызықты пікір таласпен өтті. Спикер – Суындық жалпы орта мектеп мейіргері -Қуанышбек Айдана және мектеп психологы- Қалиева Дина. Панфилов атындағы жалпы білім беретін мектеп мейіргері –Өмірзақова Қарлығаш.
ЖИТС-тің қазіргі кезде негізгі жұғу жолдары мынадай:
-жыныстық қатынас;
-вирустың бірден қанға түсуі (әртүрлі инъекциялар жасаған кезде т. б. жағдайларда);
-анасынан нәрестеге жұғу арқылы.
Жыныстық жол негізгі жұғу жолы болып табылады. ЖИТС адамдарға 80%-дан жоғары жағдайында осы жолмен жұғады. Қатерлі топқа жезөкшелер де жатады. Партнерлердің жиі ауысуы да ЖИТС жұқтыру мүмкіндігін күшейтеді. ЖИТС-пен науқастанушылық бел алған елдерден келген азаматтармен жыныстық катынаста болу өте қауіпті.
Тұрғындар арасында ЖИТС жөнінде санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізудің ерекше маңызы бар. Әркім аурудың қалай тарайтынын, одан қалай сақтану қажет екенін жетік білуі тиіс.
Жалпы халықты, әсіресе балалар мен жастарды,қалыпті мінез қалыптастыруға, өнегелілікке, дұрыс жыныстық қатынас жасауға тәрбиелеу мәселесін жолға қоймайынша, ЖИТС-пен күресудің нәтижесі мардымсыз.
Жеке бас профилактикасы қарапайым әрі денсаулық үшін ұтымды. Оларға мыналар жатады:
— салауатты, әдепті өмір сүру;
— кездейсоқ жыныстық қатынастан және гомосексуалист, жезөкшелермен жақындасудан сақ болу (жыныстық партнер көп болған сайын ЖИТС жұқтыру қаупі арта түседі);
— стерильденбеген немесе кездейсоқ біреудің шприцін, қайшысын, сақал алғышын және басқа да құрал-жабдықтарын пайдаланбау;
— әсіресе терісі, шырышты қабаттары зақымданған жағдайда бөтен біреудің қанымен, бөлінділерімен жанасудан абай болу;
— мүшеқапты дұрыс пайдалану (ол ЖИТС-тен қорғайды);
— қан құйғанда немесе донор қанынан дайындалған препараттар қабылданғанда олардың қауыпсіздігіне, тексерілгеніне көз жеткізу (ол үшін қолданылған қанның сериялык нөмерін жазып алыңыз);
— маникюр, педикюр жасайтын құралдардың стерильдігіне көңіл аудару;
— ЖИТС вирусын жұқтырып алдым-ау деген күмәнді жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну.
Кез-келген азамат АИТВ-инфекциясының жұққан-жұқпағандығын анықтау үшін ірі қалалар мен облыс,аудан орталықтарындағы зертханаларға барып тексерілуіне болады.
ЖИТС — өлімге соқтыратын аса қатерлі вирустық дерт. ЖИТС-пен ауырған не вирусын тасымалдаушы шет ел азаматтары Республика аумағынан шығарылып жіберіледі, ал еліміздің азаматтары емделуге, кешендік тексерістерден өтуге міндетті. Оларды қызметтен, жұмыстан, бизнестен, заңға қайшы келмейтін іс-әрекеттің қай түрінен болмасын шеттетуге болмайды. Тек медицина, фармацевтика, тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлері (мысалы, шаштаразшы т. б.) жұмысын ауыстыруы қажет. Олар үшін ЖИТС-пен ауру, вирус тасымалдаушы болу — кәсіби ауру болып табылады, ЖИТС вирусын тасымалдаушылар қан (басқа да органдар мен тканьдер) беретін донор бола алмайды. Әдейі және біле тұра басқа азаматтарға ЖИТС вирусын жұқтырушы, клиникалық, лабораториялық тексерілуден жалтарушы, ЖИТС вирусымен сау адамдардың зарарлануына себепкер болушы, нақты кісінің ЖИТС-пен ауыратындығын не оның вирусын тасымалдаушы екендігін рұқсатсыз жариялаушы азаматтар мен мамандар заңға сәйкес жауапқа тартылады.
Қорыта айтқанда, әдепті өмір сүріп, отбасы бірлігі берік болса, арақ-шарап ішіп, наша тартудан, кездейсоқ жыныстық жақындасудан аулақ болса, әрбір адам өзін-өзі ЖИТС-тен қорғай алады.