Бүгінде не көп – ақпарат көп. Ақпарат пен оны таратушы медиажобалардан көз ашпайсыз. Көпшілік түрлі сайттардағы тақырыбы жер жарған хабарларды оқып қана қоймай, оған сеніп әрі қарай таралуына да үлес қосып жүрген жайы бар. Ал, ол хабарлардың шынайылығына ешкім кепілдік бермейді. Олай болуы да заңды. Миллиондаған ақпаратқа лық толған ғаламтор әрқайсының шынайылығын тексеріп отырмайтыны да түсінікті. Тек біздің елдің ғана емес, әлем халықтарының бас ауыртатын түйткілді мәселесі жалған жаңалықтар болып тұрғаны рас.
Жалған жаңалықтар бұқара халықтың санасын улап, адасуға алып келеді. Қазіргі заманғы тілмен айтқанда, осыған байланысты «фейк-ньюс» (fake news) термині қолданылып жүр.
Жалған ақпарат құралдарын кім және не үшін жасайтынына қарай жалған жаңалықтың бірнеше түрі бар. Соның ішіндегі ең негізгісі – насихат. Насихат – көпшілікке біржақты пікір немесе саяси көзқарастарды таңу мақсатында қолданылады. Негізгі құрал – бұрмаланған не көпе-көрінеу жалған жаңалық беру арқылы халықты адастыру.
Жалған жаңалықтардың ең әйгілі түрі насихат екенін жоғарыда айтып өттік. Ақпараттық насихат кейде белгілі бір топтардың негізгі құралына айналып, халықты жаппай адасуға алып келуі ықтимал. Ондай жағдайлар тарихтан да белгілі. Кезінде фашистік Германияда әскери қызметкерлер мен көп қараның адасуына жаппай жүргізілген насихат себеп болған еді. Ол адамдардың миын улап тастағаны сонша, тіпті миллиондаған жанның өмірін қиюға алып келді. Манипуляцияға малданған, мотивацияға алданған фашистер жеңілістен кейін де өздерін ақтап алуға тырысқан екен. Әйтсе де, жалғандықтың соңы оларды орны толмас өкінішке соқтырды. Кез келген жалғандық түбінде әшкере болатыны анық. Бірақ, оған дер кезінде тосқауыл қоймаса, салдары қалай болатыны тарихтан да көрініп тұр.