«Таза Қазақстан» акциясы бір айлық немесе науқандық іс-шара емес. Бұл – өңір жұртшылығының өмір дағдысына айналуы керек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен мәжілісте осы мәселе қаралып, өңірдегі тазалық, абаттандыру жұмыстары барысы баяндалды. Сонымен бірге жазғы балалар лагерьлерінің дайындық барысы да пысықталды.
– Санитариялық тазалық, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүйеленгенше бұл мәселе күн тәртібінен түспейді. Зерделеңіздер, ұсыныстар беріңіздер. Өзі отырған мемлекеттік мекеме ғимаратын таза ұстай алмайтын басшылар ауылдағы тірлікті жандандыра ала ма? Жазда да тазалық жұмыстары тұрақты жалғасады, – деген Дархан Сатыбалды оқушылардың жазғы лагерьлерінің дайындығын тағы да тексеріп, талапқа сай етуді тапсырды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясының қорытындысына тағы бір тоқталды. Өңірде 5 апталықта абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті жүргізілді. Бұдан бөлек, науқан аясында 1408 ауқымды іс-шара өтті.
Жалпы акцияға 74 мыңға жуық тұрғын, 2 мыңнан аса мемлекеттік орган, 3 мыңнан аса бизнес өкілі, 5 мыңнан аса ерікті, 1 мыңнан аса жас қатысып, 1669 техникалар сенбіліктерге тартылып, 4 мыңға жуық тонна қоқыс шығарылды. 691 шақырым республикалық жол, 3533 шақырым облыстық деңгейдегі жолдар тазаланды. 60 024 м2 аяқжолдар тазаланып, 1270 аялдама ретке келтірілді. 150 мың түп ағаш отырғызылып, 175 мыңға жуық ағаш әктелген. 346 саябақтар және скверлер, 302 мыңнан аса жеке үйлердің айналасы ретке келтірілді, 2156 әлеуметтік нысандардың айналасы тазаланды. 60 мың м2 немесе 360 шақырым су, өзен бойлары тазаланған.
Акция аясындағы атқарылған жұмыстар бұнымен аяқталмайды. Қазіргі таңға, қалалармен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, көгалдандыру және тазартудың жыл соңына дейінгі іс-шара жоспары бекітілді. Бұл іс-шарада әр ауданның климаттық ерекшілігі мен орналасуы ескерілген. Сонымен қатар санитарлық тазалау, жолды жайластырудың мазмұны, аялдамаларды ретке келтіру, жарықтандыру желілерінің тіректерін күтіп-ұстау, жолдарды ағымдағы жөндеу, абаттандыру және ойын алаңшаларының элементтерін жөндеу, жасыл желектерді күтіп-ұстау, контейнерлік алаңдарды жөндеу және күтіп ұстау, көгалдандыру, жарықтандыру желілерінің тіректерін күтіп ұстау жұмыстары атқарылмақ. Аталған бағытта 984 іс-шара жоспары дайындалып, 266 жауапты тұлға бекітілген. Тазалық жұмыстарына жауапты мекемелерге жаңа техникалар сатып алу көзделген.
Мәжілісте Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов аудандардағы әкімдік ғимараттарының тазалығы, жай-күйі, абаттандырылуы және жазғы демалыс лагерьлерінің дайындығына қатысты жасалған мониторинг жұмыстарының нәтижесін баяндады. Жауапты басшыларға сын-ескертпелер айтылып, жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді.