Қыс мезгілінде еңбек адамдарына қолдау көрсету мақсатында Жастар ресурстық орталығының мамандары арнайы іс-шара ұйымдастырды. Бұл бастама аязды күндерде сыртта жұмыс істейтін азаматтарға көмек көрсетуге бағытталды.
Жастар орталығы мамандары темір жол жөндеушілер, коммуналдық қызметкерлер және өзге де сыртта еңбек ететін адамдарға ыстық шай мен тәттілер ұсынды. Мұндай шараның негізгі мақсаты – еңбектің қадірін арттыру, адамдардың көңілін көтеріп, жылулық сыйлау.
Іс-шара барысында жастар мамандарына еңбек адамдарына алғыстарын білдіріп, олардың еңбегі қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Көпшіліктің көңілінен шыққан бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады.
Осындай қамқорлық шаралары адамдар арасындағы бірлікті нығайтып, ортақ жауапкершілік пен мейірімділіктің жарқын үлгісін көрсетеді.
Еріктілер ыстық шай мен бауырсақтарды таратумен қатар, қар күреуге көмек көрсетеді, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан отбасыларға азық-түлік себеттерін тасымалдайды.
«Күн суықта кішкене денемізді жылытып, марқайтып, көңілімізді көтеріп кетіп жатқан ерікті балаларға көп рақмет айтамыз. Осының өзі үлкен күш береді, қуат береді», – дейді жұмысшы
Еріктілер түрлі төтенше апаттан зардап шеккендерге де көмектесіп, белсенділік танытып жүр.
«Ерікті деген кім?», «Елімізде еріктілік қаншалықты дамыған?» және «Еріктілер қандай қызмет атқарады?» деген секілді сұрақтардың туындауы заңдылық.
Ерікті (волонтер) – латынның «voluntaries» деген сөзінен шыққан. Яғни өз еркімен ақысыз қызмет көрсетіп, қоғамдық жұмысқа белсенді араласушы адам. Бұл бағытта адамның жасы, жынысы, білімі немесе қаржылық жағдайы маңызды емес. Бастысы – таза ниетпен қолдан келетін іспен көмектесу. Еріктілікпен ұйымдар арқылы, ынталы топтармен немесе жеке де айналысуға болады. Мұндай қызмет түрлерінің аясы өте кең. Мысалы әлеуметтік, спорттық, шаралық, экологиялық, медициналық, қайырымдылық секілді көптеген түрі бар.
Волонтер сөзі әлемде алғаш рет 1600 жылы қолданылған. Әуелгіде соғыс кезінде майданға өз еркімен сұранып барғандарды ерікті деп атаған. Кейіннен барлық салаға ешкімнен қайтарым күтпей жұмыс істейтін адамды осылай атау қалыптасқан. 1970 жылы БҰҰ жанынан «Біріккен Ұлттар Ұйымының волонтерлері» деген атаумен халықаралық ұйым құрылған. Ұйымның басты мақсаты – әлемдегі еріктілердің басын қосып, олардың қызметін жан-жақты дамыту. Сол жылдан бастап әлемнің барлық елінде 5 желтоқсанда халықаралық еріктілер күні аталып өтіледі. Аталған ұйым жыл сайын волонтерлік қызмет туралы есептік баяндама әзірлейді. БҰҰ волонтерлерінің бағдарламасын жүргізетін атқарушы координатор Оливье Адам өткен жылдың қорытындысы бойынша ұйымға мүшелік ететін 17 елдің ұлттық баяндамасы мен саяси стратегиясында волонтерлік туралы айтылғанын жазады. Соның бірі – Қазақстан деуге толық негіз бар. Себебі жыл басында жарияланған Жастар жылында еріктілерге басымдық беру қолға алынды. Бірақ, бұл мемлекеттік қолдау биылдан басталғанын аңғартпайды. Себебі 2016 жылы елімізде еріктілер қызметі туралы заң қабылданса, 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының «Халықаралық волонтерлер жылы» жөніндегі резолюциясына демеушілік еткен.
Әлем бойынша еріктілер саны 970 миллионнан асады. Джон Хопкинс университетінің зерттеуі бойынша олардың осы қызметке арнаған уақыты 125 млн адамның толық жұмыс күніне сай келеді екен. Төрт адамның біреуі ғана уақыты мен біліктілігін арнайы ұйымдар арқылы осы іске арнаса, қалған үшеуі айналасындағы адамдарға тікелей көмектеседі.