Шымкент қаласының білім ұйымдары жаңа оқу жылын 222 мыңнан астам оқушымен бастағалы отыр. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Басқарма басшысының мәліметінше, бірінші сыныпқа 24 мыңнан астам оқушыны қабылдау жоспарланған. Бүгінге дейін 17 401 өтініш берілген. Құжаттар электрондық үкімет Egov.kz порталы және mektep.shymkent.edu.kz сайты арқылы қабылданып жатыр.
«Шымкент қаласы жаңа оқу жылын 745 білім беру мекемелерімен бастағалы отыр. Олардың қатарында мектеп, балабақша, колледж бен қосымша білім беру мекемелері бар. Қаладағы 172 мектептерге 18 мың жаңа парта, соңғы үлгідегі бейне бақылау камералары мен 30 мектепке турникеттер орнату жоспарлануда. Ал білім мекемелерінің жылыту жүйелерін жөндеу, қысымдау жұмыстары толық аяқталды. Жеке қазандықпен жылытылатын 25 мекемеге 4 793 тонна қатты және 190 тонна сұйық отын тасымалдануда»,-деді басқарма басшысы.
Жаңа оқу жылында 11-сыныптарды оқулықтармен 100 пайыз және қалған сынып оқушыларын қосымша кітаппен қамтамасыз ету үшін баспалармен толық келісім шарт жасалып, оқулықтарды тасымалдау басталған. Айта кету керек, кітаппен қамту жұмыстары 25 тамызға дейін жалғасады.