Аумағы 426 га жерді құрайтын Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялық аймақтарынан биылғы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында қазынаға 1,3 млрд.теңге салық түскен.
Бұл туралы кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте баяндады.
Оның айтуынша, индустриялды аймақтарда құны 126,7 млрд.теңгені құрайтын 124 жоба жүзеге асырылып жатыр екен. Нәтижесінде 6 мыңнан астам тұрғын жұмысқа тартылады. Оның ішінде 70,9 млрд.теңгеге 84 жоба іске қосылып, соның арқасында 4 мыңнан аса жұмыс орны құрылыған.
Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылдың 1 тоқсаны бойынша «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялық аймақтарында 6 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, экспортқа шыққан өнім құны 1,9 млрд.теңгені құрап отыр. Бұл өңірде кәсіпкерлік және тауар өндірісі саласының әлеуеті артып келе жатқандығын аңғартады. Аталған нәтижелер қала экономикасының жақсаруына өз үлесін қосады.