Шымкент қаласында жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы бойынша 236 жоба нақтыланған. Олардың жүзеге асырылуына 45,3 млрд теңге бөлінген. 8 380 жұмыс орнын ашу жоспарланған болса, соның бүгінде 7 394 орны ашылған. Яғни жоспар 87,7 пайызға орындалған. Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Нақтырақ айтқанда, жұмыспен қамту орталығы арқылы 4 190 жұмыссыз азамат жұмыспен қамтылады. Бүгінгі күнге 4 075 жұмыс орны ашылған, жоспар 97,3% орындалып отыр. Жобалар толықтай жүзеге асқаннан кейін 634 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Ал 2020 жылға 15 115 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарланған, оның ішінде 11 438-і тұрақты жұмыс орындары (75,6%) болып табылады. 2020 жылдың 1 тамызына дейін 13 569 жұмыс орны құрылған (90%). Оның ішінде тұрақты жұмыс орындары – 9 340, бұл ашылған жұмыс орындарының 69 пайызын құрап отыр.
«Кәсіпкерлікке бейім атаулы әлеуметтік көмек алушылар, аз қамтылған азаматтар және жұмыссыздар қатарынан мемлекеттік грант алуға сұраныс көбеюде. Бұл ретте, биыл республикалық бюджеттен үнемделген қаржы есебінен 1 939,7 млн теңгені мемлекеттік грантқа (3423 адам) бағыттау мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсыныс ретінде хат жолданған. Нәтижесінде 5 135 тұрақты жұмыс орны құрылатыны көзделуде. Аталған ұсынысқа қолдау білдірулеріңізді сұранамыз» – дейді қала әкімі.
Сондай-ақ, Мұрат Әйтенов жұмыспен қамту – халықтың өмір сүру деңгейін, табысын арттыруының негізгі мәселесі болуына байланысты азаматтардың жұмыспен қамтылу жағдайы үнемі бақылауда болып, жоспарланған көрсеткіштер жыл соңына дейін толығымен орындалатынын айтты.