Президент Жолдауына сәйкес білім беру жүйесінің барлық деңгейлері заманауи талаптарға және экономиканың қажеттіліктеріне жауап беруі тиіс. Сондай-ақ, сапалы және қолжетімді білім беру басты басымдық болуы қажет.
Осы орайда, «Nur Otan» партиясы Қаратау аудандық филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын түсіндіру мақсатында кездесу өтті.
Жиынға партияның аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Әбдез Рахманұлы Иманқұлов және физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметкерлері қатысты. ZOOM платформасында өткен кездесуде Жолдаудың «Қолжетімді және сапалы білім» тақырыбы аясында іске асырылу жолдары нақтыланды.
Экономикалық өсу болу үшін білім сапасына жіті назар аудару қажеттігі мәлім. Сондықтан, болашаққа сапалы білім беруді қамтамасыз ету еліміздің негізгі стратегиялық мақсатының бірі болып отыр. Осыны негізге ала отырып жиында қазіргі пандемиялық ахуал кезеңінде жастардың білім алуы үшін бар жағдай жасалуы жайлы сөз болды. Себебі жаңа жүйе оқушыларға да, ұстаздарға да таңсық болып, мектеп партасының қадірін ұқтырды. Карантиндік шектеулер алғаш енгізілген кезде оқу жүйесінде қиындықтар болғанымен, бүгінде жаңа жағдайға жылдам бейімделіп кетті.