Атамекен кәсіпкерлер палатасы мен Шымкент қаласының әкімдігі берлесіп өткен жылы дағдарысқа қарсы бағдарламасын әзірлеген болатын. Аталған бағдарлама аясында пандемия кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге бірқатар қолдаулар көрсетілді.
-Өткен жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 28,7 млрд. теңгеге 16 жоба мақұлданды. Қаржыландыру сомасы бойынша мегаполис республика рейтингісінде 9-шы орында тұр. Субсидияланатын жобалар бойынша Алматы қаласынан кейінгі 2-ші орындамыз. Сондай-ақ, бүгінгі таңда қаржы институттарында 23 млрд. теңгеге 18 жоба қаралуда. Жобалардың 93% өңдеуші өнеркәсіп саласында, қалған 7% ауыл шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау салалары бойынша іске асырылуда – деді қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Қабыштаев.
Бағдарламаны қаржыландыру жағынан «Қазақстан Халық банкі», «Форте банк», «АТФ банк» көшбасшы болып саналады. Жобалардың ішіндегі ең ірісі – «Kazalpack» ЖШС-нің алюминий банкілерін өндіретін жобасы. Оның құны – 23,4 млрд.теңгені құрайды. Шымкент қаласы Жобалық кеңсесінің қолдауымен іске кіріскен бұл кәсіпорынды қаржыландыру үшін ҚР Үкіметінің қаулысына басым салаларға 2592 алюминий банкілерін қосуға бастамашылық етіп, қолдау тапқан.