Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жұмыс тиімділігін арттыру бағытында құрылыс саласында жұмыс істейтін тараптардың ара қатынасын да жаңа деңгейге шығару керектігін назарға алды. Мәселен, тапсырыс беруші – құрылыс басқармасы болса, техникалық қадағалау, авторлық қадағалау және мердігер ұйымдар – сол басқарманың уақытша қызметкерлері. Яғни, ақысын төлеп отырған басқарма, осы ұйымдардан сапалы жұмыс талап етуге құқылы. Бұл ұйымдар өздеріне жұмыс беруші болып табылатын құрылыс басқармасымен кейде ғана төбе көрсетіп емес, күнделікті жүзбе-жүз отырып етене жұмыс істеуі керек деді.
Басқарманың алты айда атқарған жұмыстары жөнінде есеп берген басқарма басшысының міндетін атқарушы Б.Күздеубаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары көлемінің жылдық жоспары 135,6 млрд теңге болып белгіленген. Бірінші жартыжылдықта атқарылған құрылыс көлемі 50,1 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 115,6 пайыз болып отыр.
Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 4832 пәтерлі 79 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыстары басталған. Оның ішінде 1224 пәтерлі 18 тұрғын үй – арендалық баспаналар болса, 3608 пәтерлі 61 үй – тұрғын үй несиесін алғандарға табысталмақ.
Әкімшілік іскерлік орталығында көпқабатты 12 үй биыл пайдалануға берілсе, 9-қабатты сегіз үйдің құрылысы келесі жылы аяқталады. Жаңадан салынған нысандарға инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша 15 жобаны іске асыру көзделіп, оның 6 нысаны пайдалануға берілген.
Білім саласы бойынша 11 нысанның құрылысына қаржы бөлінген. Оның ішінде 4 мектептің ғимараты жаңа оқы жылына дейін іске қосылады. Мәдениет және спорт салаларында 5 нысанның құрылыстары жоспарланып, оның екі нысаны пайдалануға берілді.
Жоба-сметалық құжаттамалар әзірлеу бойынша екі медициналық ұйым мен Сайрам тұрғын алабында өрт сөндіру депосының құрылыстарын жүргізу жоспарланып, іске асырыуда.
Басқарманың алты айда айтқарған жұмыстарын талдаған Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыс қаланың дамуына ықпал ететін маңызды сала екендігіне тоқталды. Құрылыс жүргізу қала экономикасының дамуына тұтастай әсер етіп, бизнестің құрылыс нарығына бейімделуі жүзеге асатынын, оның ішінде құрылыс материалдарының өндірісі қарқын алатынын атап өтті. Қаланың тіршілігі жылжымайтын мүлік нарығы арқылы өрбитінін еске салған қала басшысы, құрылыс жұмыстарын жоспарлауда нақтылық керектігіне көңіл бөлді. Бұл бағытта басқарманың жоспарлау қызметі құрылымының жұмысын жүйелеуді тапсырды.
Құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген нысандарды теңгерімге өткізу жөніндегі жұмыстарды ерекше бақылауды ұстауды тапсырып, лифт шаруашылықтары тиісті талаптармен тексеруден өтіп, рұқсат қағаздары алынбайынша, көпқабатты тұрғын үйлер мемлекеттік қабылдаудан өткізілмеуі керек деп нақты айтты.
Есеп беру жиынын қорытындылаған қала әкімі М.Әйтенов келешекте Шымкент таза қала болуы керектігін назарға алып, қалада шаңы шығып жатқан жерлер болмауы керектігін тағы да ескертті. Ол үшін құрылыс алаңдарына кіріп-шығатын техникалардың лайдан түгелдей тазартылып отыруын міндеттеді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі